Ақжар елді мекенінде орналасқан №79 «Келешек» мектебінде «Төрлет, төрлет, Әз Наурыз!» тақырыбында ұлттық нақышта ұйымдастырылған Наурыз мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді. Аталған мерекелік іс-шараға ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар қатысып, жастарға ақ тілектерін арнап, баталарын берді.
Мерекелік кеш барысында оқушылар мен ұстаздар қазақтың әсем билерін билеп, әуелете ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, халқымыздың бай мұрасын дәріптейтін салт-дәстүрлерден көріністер қойылып, ұлттық құндылықтардың мәні тереңінен насихатталды.
Ұлттық ойындар ойнатылып, қатысушылардың белсенділігі мен қызығушылығы ерекше байқалды. Арқан тарту, асық ату сынды ойындар арқылы жастардың ептілігі мен ұйымшылдығы сыналды.
Іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – 96 жасқа келген, ғасыр жасаған ақ әженің ақ батасын беруі болды. Әженің жүрекжарды тілегі мен ақ ниеті жиналған жұрттың көңілін тебірентіп, мерекенің маңызын одан әрі арттыра түсті.
Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беріліп, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениеті кеңінен насихатталып келеді. Наурыз мерекесі – бірлік пен татулықтың, жаңару мен жақсылықтың бастауы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген ерекше күн болды.









